Жыл басталғалы елордада өрт салдарынан 5 адам мерт болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жыл басталғалы елордада 5 адам өрт салдарынан қайтыс болды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Еркін Отарғалымұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басталғалы елордада өрт салдарынан 5 адам мерт болды

«Елорда аумағында өрттің алдын алу шарасы тұрақты түрде өтіп тұрады. Әсіресе қыстыгүні жылыту маусымы басталғанда аталған мәселе өзекті. Сондықтан қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігін түсіндіру жұмыстарына түсіністікпен қарауды сұраймыз. 2022 жыл басталғалы қала аумағында 63 өрт фактісі тіркелді. Оның жартысы тұрғын үй секторына тиесілі. Ең өкініштісі биыл өрт салдарынан 5 адам қайтыс болды», - деді Еркін Отарғалымұлы елорда әкімдігінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, көбіне жеке тұрғын үйлерде пеш жағу ережелері сақталмайды. Және оның арты қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін.

«Адам өлімімен аяқталған өрт оқиғасының ішінде қасақана өртеу фактісі анықталды. Бүгінде аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция қызметі айналысып жатыр. Тергеу амалдары жүруде. Тағы бір жайт, алдыңғы күні болды. Тұрғын үйде болған өртті сөндіру барысында мамандар үй иесінің мүрдесін тапты. Осы орайда қала тұрғындарынан өрт қауіпсіздігін сақтауды сұраймыз. Әсіресе үйге от жағу кезінде», - дейді ол.