Жыл басынан 21 мыңнан астам баспана пайдалануға берілді - министрлік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың бірінші тоқсанында 21 мыңнан астам баспана пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан 21 мыңнан астам баспана пайдалануға берілді - министрлік

«Көлік саласы бойынша нақты көлем индексі 2020 жылдың бірінші тоқсанында 98,7 пайызды құрады. Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан Республикасының аумағында автобуспен, пойызбен жолаушылар тасымалы, тұрақты әуе қатынастары тоқтатылды. Бұл ретте, Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдардың жалпы көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға ұлғайды. Ол 149,3 мың 20 фунттық контейнерді құрады», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің дерегінше, 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында құрылыс бойынша да нақты көлем индексі өсіп, 111,7 пайызды құрады. 16 өңірде оң динамика байқалады. Олардың қатарында Қарағанды, Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан және Ақмола облыстары көшбасшы саналып отыр.

«2020 жылдың бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 2 642 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ол 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 96,4 пайызды құрады. Жылдық жоспардың орындалуы - 18,7 пайыз. Республика бойынша барлығы 21 069 бірлік баспана пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің ұлғаюы өткен жылмен салыстырғанда республиканың 12 өңірінде байқалады»,- деді ол.