Жыл басынан бері 2,5 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелді
АСТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жыл басынан бері елімізде 2,5 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелді. Бұның ішінде есірткі сатудың 800 фактісі анықталды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің көшпелі Үкімет сағатында
«Қазақстан Республикасындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаудың жай-күйі туралы» тақырыпта баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«1 тоннаға жуық есірткі оның ішінде 27 киләдан астам героин тәркіленіп, заңсыз айналымнан алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күрес шаралары жандандырылып отыр. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2009-2011 жылдарға арналған үкіметтік бағдарламасын іске асыру шеңберінде ішкі резервтер есебінен «Оңтүстік» (Шымкент қаласы) және «Орталық» (Қарағанды қаласы) атты 2 арнайы өңіраралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бағдарламасы жасалды», деді министр.