Жыл басынан бері 21 тоннадан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді

АСТАНА. Қарашаның 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биыл 10 айда құқық қорғау органдары 8 мыңға жуық есірткі қылмысын анықтады. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің төрағасы Жанат Сүлейменов мәлім етті.

Жыл басынан бері 21 тоннадан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді

«Атап айтқанда 21 тоннадан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 122 кг. героин есірткісін құрайды»,-деді комитет төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, 44 есірткі қылмысына қатысты 8 қылмыстық топтың жолы кесілді. Сонымен қатар ел аумағына есірткі алып келуге байланысты 87 қылмыс анықталды. Таратылған мәліметтерге сүйенсек, есірткі пайдаланатындар саны, яғни тізімде тұрғандар 7,8 пайызға азайды. Атап айтқанда нашақорлар 55,5 мыңнан 50,5 мыңға дейін азайды. Оның ішінде кәмелетке толмаған нашақорлардың да үлесі төмендеп отыр (3,8 мыңнан 3 мыңға дейін). Есірткіге тәуелділердің негізгі үлесін 15-30 жас аралығындағылар құрайды (26,9 мың). Өткен жылмен салыстырғанда нашақор жастар саны 3 пайызға азайды.