Жыл басынан бері 5,5 мыңға жуық шетелдік жұмысшыға Астанада жұмысқа орналасуға рұқсат берілген

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАпарат - Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында шетелдік жұмыс күшін елордаға тартуға рұқсат беру жөніндегі Комиссияның кезекті отырысы өтті.
None
None

 Бұл туралы елорданың ресми сайты хабарлайды.

Комиссия хатшысы Азамат Махметовтың айтуынша, 2012 жылдың басынан бері шетелдік жұмысшыларды жұмысқа орналастыруға 5489 рұқсат берілген. Айтылған мерзімде 84 шетелдік маманға рұқсат беруден бас тартылды. 112 жұмыс берушіден 627 рұқсат заңдылықты бұзғаны үшін қайтып алынды немесе оны олар өз еріктерімен кері тапсырды.

Комиссия төрайымы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева елордада шетелдік жұмысшыларға жұмысқа орналасуға рұқсат берудің шарттары мен тәртібі туралы айтып берді: «Заңды тұлға әуелі құжаттар тапсырарда шетелдік жұмыс күшін қандай мақсатта тартқысы келетінін және оған қанша маман қажет екендігін көрсетуі қажет. Егер құжаттары үкімет бекіткен барлық ережелерге сәйкес болатын болса, онда біз рұқсат береміз».

Оның сөзіне қарағанда, шетелдік маманның міндетті түрде дипломы және жұмыс өтілі болуы қажет. «Біз шетелдерден қара жұмыс атқаратын жұмысшыларды тартуға рұқсат бермейміз. Кәсіби мамандығы жоқ жұмысшылар өзімізде де жетіп артылады», - деп түсіндірді Комиссия төрайымы.

Сондай-ақ, мәжіліс барысында жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тарта отырып, аз жалақы қойып немесе шетелдіктерге қарағанда жұмыс жағдайын төмендетіп, қазақстандық жұмысшылардың құқықтарын шектеуге жол берілмейтіндігі айтылды.

Сонымен қатар шетелдік және отандық жұмысшылардың пайыздық үлесі қатаң сақталуы қажет. Басшылық лауазымдарда (1-2 санат) ол тиісінше 30%-дан 70%-ға дейінді құрайды. Қарапайым жұмысшылар мен 3-4 санаттағы мамандар үшін - 10%-нан 90%-ға дейінді құрайды.

«Сонда да біз қараймыз, егер қазақстандық еңбек нарығында талап етіліп отырған мамандар болса, онда біз рұқсат беруден бас тартамыз да, ал егер ондай мамандар шынында да болмаса, рұқсат береміз», - деді Алма Алтыбаева.

Шетелдік жұмысшыларға рұқсат беруден бас тартудың басқа да себептері бар. Мәселен, елорданың Жұмыспен қамту басқармасына Астана қаласында тіркелмеген ұйымдардың құжат тапсыруы аз кездеспейді. «Әрине, біз оларға рұқсат бермейміз. Өйткені, олар мұнда өкілдіктерін ашып, рұқсат алады да шетелдік жұмысшылары Атырауда, Алматыда немесе басқа да аймақтарда жұмыс істейді», - деп түсіндірді Басқарма бастығы.

Соңғы жаңалықтар