Жыл басынан бері 6 мыңнан астам астаналық оқушы коронавируспен ауырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жыл басталғалы Нұр-Сұлтан қаласында 6186 мектеп оқушысы COVID-19-ға шалдықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сарқыт Бейсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері 6 мыңнан астам астаналық оқушы коронавируспен ауырды

«Жыл басталғалы елордада 6186 оқушы коронавирусқа шалдығып, емделді. Оның ішінде 526 оқушы сабақты дәстүрлі форматта оқиды. 3333 оқушы онлайн форматта білім алған. Және 2219 мектеп оқушысы КВИ-ді каникул кезінде жұқтырған. Қазіргі таңда қаладағы 24 мектепте карантин шаралары жүріп жатыр. Себебі ол мектептердің 38 сыныбында коронавирус індетіне шалдыққан оқушылар бар»,- деді С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.

Одан бөлек, бас санитар дәрігер вакцина алғаннан кейін коронавирусқа шалдығуға қатысты түсінік берді.

«Вакцина алғаннан кейін індетке шалдығу және коронавирусқа қайта шалдығу бойынша бізде статистика бар. Ол бойынша пациенттер арасында арнайы сауалнама жүргізіледі. Биыл жыл басынан бері елордада 11596 адам КВИ-ге қайта шалдыққан. Сондай-ақ, вакцина алып коронавируспен ауырған 5226 жағдай тіркелді. Оның ішінде екпенің бірінші компонентін алған 986 адам, екінші компонетті салдырған 4240 адам және ревакцинадан өткен 72 пациент аталған індетке шалдыққан», - дейді ол.