Жыл басынан бері 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстандағы құрылыс жұмыстары 8,6% ұлғайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

«Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6%-ке ұлғайды, 17 өңірде өсім тіркелген. Әсіресе, құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы, Ақмола және Ұлытау облыстарында, Шымкент қаласында. Ал, құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі Маңғыстау, Абай және Жетісу облыстарында байқалды», - деді Ұлттық экономика министрі бүгінгі Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, қаңтар-шілде айларында 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылғы осы кезеңнен 0,8%-ке төмен болып отыр. Оң өсу 14 өңірде тіркелді. Ең жоғары көрсеткіштер Түркістан, Павлодар және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында. Ал, төмендеу Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалды.

Айта кетейік, Үкіметте Қазақстанның қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралып жатыр. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың баяндауынша, аталған кезеңде Қазақстан экономикасы 3,3%-ке өскен.

Сонымен бірге, қаңтар-шілде айларында Қазақстандағы өндіріс көлемі 4,9%-ке артты .