Жыл басынан бері 7,9 млн.теңге, 21 мың АҚШ доллары көлеміндегі жалған ақша банкноттары тәркіленді - Қаржы полициясы
АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ағымдағы жыл басынан бері 7,9 млн.теңге көлеміндегі жалған ақша банкноттары тәркіленді,
бұл өткен жылдың осы кезеңінің көрсеткішінен 83,5 пайызға артық.
Бүгін апталық брифинг кезінде Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ағымдағы жылдың 9 айында қаржы полициясы органдары бұндай фактілер бойынша 102 қылмыстық іс қозғады. Сотқа 42 қылмыстық іс жіберілді.
Жылдың басынан 7,9 млн.теңге көлеміндегі жалған ақша банкноттары тәркіленді, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 83,5 пайызға артық. Оған қоса, 21 мың жалған АҚШ доллары алынды, бұл да өткен жыл көрсеткішінен 91 пайыз жоғары.
Мұрат Жұманбайдың айтуынша, қылмыстық заңнамаға сәйкес жалған ақша жасаушыға ең ауыр жаза ретінде мүлікін тәркілеп, 15 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған.