Жыл басынан бері әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың 4 мыңға жуық меморандумына қол қойылды ? С. Ахметов

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылдың қаңтарынан бері елімізде әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың 4 мыңға жуық меморандумына қол қойылды.

Жыл басынан бері  әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың 4 мыңға жуық меморандумына қол қойылды ? С. Ахметов
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы депутаттарының форумы барысында сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиын барысында ғаламдық дағдарыс тудырып отырған жұмыссыздық мәселесіне тоқталған Үкімет басшысының орынбасары С. Ахметов, бұл бағытта тиісті шаралар атқарылып отырғанын алға тартты. «Үкіметтік Жол картасы аясында жалпы алғанда 260 мыңға жуық жұмыс орындары құрылады, 4,7 мың нысанның жұмысы жанданады. Бұдан басқа, 100 мыңнан астам азаматтарды қайта даярлау ісі де жоспарланып отыр. Әлеуметтік жұмыс орындарын ашу мен «жастар тәжірибесін» кеңейту мақсатында республикалық бюджеттен 8,6 млрд. теңге қарастырылуда. Дағдарыс салдарына орай бизнес қауымдастығының кешіп отырған қиындығына қарамастан Үкімет бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесіне белсенді түрде араласып отыр. Мәселен, 2009 жылдың қаңтарынан бері әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 4 мыңға жуық меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа жұмыс орындарын сақтауға қатысты республикадағы құрамында 700 мыңға жуық жұмысшылары бар 5 мыңға тарта мекемелермен меморандум жасалды. Ондағы міндеттемелерді қол қойған мекемелердің 98 пайызы орындап отыр», деді С. Ахметов. Оның сөзіне қарағанда, Үкіметтің қолға алған дәл осы шаралары еліміздегі жұмыссыздықтың бірден өршуіне жол бермеді.