Жыл басынан бері Алматыда 355 есірткі қылмысы орын алды

АЛМАТЫ. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Биылғы жыл басынан бері Алматыда 355 есірткі қылмысы ашылған. Оның 115-і сату бойынша.
None
None

Бұл қылмыстық істерден 455 келі есірткі тәркіленген, 46 нашақор есірткіні артық қабылдау салдарынан көз жұмған. Бұл туралы бүгін құқық қорғау органдары өкілдерінің Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-дың студенттерімен кездесуі барысында қалалық ІІД-нің есірткіге қарсы күрес басқармасының өкілі Ербол Әбдірешев айтты.

Оның сөзіне қарағанда еліміз бойынша 50 мыңнан астам нашақор тіркелген. Ал, Алматыдағы есепте тұрған 6 мыңның 660-ы жасөспірім көрінеді.

«Бізде нашақорлықтың болуына әсер етіп отырған негізгі мәселенің бірі - еліміздің аумағында 1 млн 200 га жуық есірткі алқабы бар. Оның ішінде әйгілі Шу алқабының аумағы 140 мың га. құрайды. Сонымен қатар Қазақстан Европа мен Азия елдерін жалғастырушы көпір болғандықтан, транзиттік ел саналады. Бұл да нашақорлықтың өсуіне әсер етіп отыр. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан арқылы Ауған есірткісі біздің ел аумағына, одан ары Европаға өтеді. Керісінше Европадан Азияға өтетін синтетикалық есірткілер де біз үшін бас ауыртар мәселенің бірі»,- дейді Е.Әбдірешев.

Оның айтуынша есірткі мәселесі бүкіл әлемнің басты проблемасының бірі. «Былтырғы жылы ЕЫҚҰ-ның Астана саммитінде есірткі мәселесі басты тақырыптың бірі болды. Бұл бүкіл әлемнің есірткі мәселесімен бас ауыртып отырғанын көрсетеді. өкінішке орай бұдан Қазақстан да сырт қалып отырған жоқ. Бұл тұрғыда елімізде түрлі шаралар жүзеге асуда. Алайда, түбегейлі өзгерістер болуы үшін қоғам, әсіресе жастар есірткімен күресу қажет»,- деген ол шараға қатысқан жастарды есірткімен қарсы күресуге, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Соңғы жаңалықтар