Жыл басынан бері астана аумағында 38 мәрте табиғи өрт тұтанған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 38 рет ұсақ ауқымдағы табиғи өрт тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері астана аумағында 38 мәрте табиғи өрт тұтанған

Бұл туралы қала әкімдігінің ақпарат алаңында өткен онлайн брифингіде Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы мәлім етті.

«2022 жылғы 25 сәуірдегі жағдайы бойынша астана аумағында 38 рет өсімдік жанып, жалпы жиыны 0,9 гектар аумақ отқа оранған. Нұр-Сұлтан аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу үшін жылдық жоспар жасалып, 6 бағыт бойынша қаланың периметріне күзет бекеті орнатылды. Қаланың ең биік ғимараттарында төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдарды жедел басқару орталығына жалғанған бақылау камералары қойылды. Қаланың жасыл белдеуіндегі өрт белгілерін дер кезінде байқау үшін шолу мұнаралары бой көтерді. Ол мұнараларда дүрбі мен байланыс құралы бар орманшылар кезекшілік атқарады», - деді басқарма бастығы.

Айтуынша, аталған жедел бекеттер өту қабілеті жоғары техникамен, аспалы қондырғылармен және қолға ұстауға ыңғайлы өрт сөндіру жарақтарымен жабдықталған.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы гарнизонның бөлімшелері қала шекарасынан 25-30 шақырым радиустағы өрт ошақтарына әрекет етеді. Бұл шеңбер 6 секторға бөлінеді. Олар: Астрахан тасжолы, Софиев тасжолы, Қарағанды тасжолы, халықаралық әуежай тасжолы, Қарқаралы шоссесі (Атшабар ауданы) және Қорғалжын тасжолы. 31 жол талғамайтын техника тас-түйін дайын. Оның 15-і – өрт сөндіретін автоцистерна. Өрт сөндіру бөлімшелерінде осы техниканы жарақтандыруға арналған 234 өрт сөндіру құралы бар. Батпақты аумақтарға адам мен техника жеткізуге арналған қарда және батпақта жүре алатын 3 ТРЭКОЛ техникасы дайын тұр», - деді Еркін Отарғалымұлы.

«Қазгидрометтің» бағалауынша, еліміздің 3 өңірінде өрт қаупі сақталып тұр.