Жыл басынан бері Астанада заңсыз айналымнан 112 келіге жуық есірткілік заттар алынды - ІІД

АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жыл басынан бері Астанада заңсыз айналымнан 112 келіге жуық есірткілік заттар алынды.

 Жыл басынан бері Астанада заңсыз айналымнан 112 келіге жуық есірткілік заттар алынды - ІІД

Оның 8 келісін героин құрап отыр. Бұл мәліметтерді  бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы Аясын Байділдаев келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның деректеріне қарағанда, жыл басынан бері есірткімен байланысты 200 қылмыстық іс қозғалған. Олардың арасында 65 іс есірткіні саудалауға қатысты болып отыр. Сондай-ақ 35 есірткі сататын орын мен 3 есірткі притонына және 2 есірткі арнасына тосқауыл қойылған. «Бұған қоса біз есірткі саудалаумен айналысатын 1 қылмыстық топ өкілдерін құрықтадық», деді басқарма бастығы.

Аясын Байділдаевтың айтуынша, биылғы жылдың 9 айында қала маңындағы «Шеп» бекеттерінде 117 есірткі тасымалдау оқиғасы орын алған. Олар бойынша 13 адам қылмыстық жауапқа, 104 адам әкімшілік жауапқа тартылып, заңсыз айналымнан 52 келі есірткі алынған.