Жыл басынан бері астаналық тәртіп сақшылары есірткімен байланысты 159 қылмыстың бетін ашты

АСТАНА. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биылғы  жылдың  алғашқы жартысында Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері есірткімен байланысты 159 қылмыстың бетін ашты.

Жыл басынан бері астаналық тәртіп сақшылары есірткімен байланысты 159 қылмыстың бетін ашты


Оның 113-і есірткіні саудалауға қатысты болып отыр. Заңсыз айналымнан 90 килә есірткілік заттар алынған. Оның 7 килә 141 грамы героин. Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ішкі істер департаментінің Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Хасан Чунчалинов келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның  деректеріне қарағанда, жыл басынан бері тәртіп сақшылары арнайы шаралар ұйымдастырып, 25 есірткі сататын орын мен 2 есірткі арнасын және 2 нашақорлар жиналатын жерді әшкерелеген. Сондай-ақ Астана аймағында аса ірі көлемде есірткі тасымалдап жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. «Қаланың «шеп» бекеттерінде жыл басынан бері есірткіні заңсыз тасымалдаудың 87 фактісі анықталып, 9 адам қылмыстық, 78 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Заңсыз айналымнан 51 килә есірткі алынды», деді басқарма бастығының орынбасары.