Жыл басынан бері «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралінің 377 шақырымы салынды

АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Автомобиль жолдары комитетінің ақпаратына сәйкес «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізінің 1 233 шақырымы бүгінгі күні құрылыс жұмыстарымен қамтылған. Ағымдағы жылдың соңына дейін халықаралық дәліздің қазақстандық бөлігінің тағы 384 километрінде құрылыс жұмыстары басталады.
None
None

«Жоба белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Биылғы жылы 806 шақырым жолдың құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі күні соның 377 км төседік. Ал, өткен жылдары 915 км жолды пайдалануға бердік», - дейді комитет төрағасы Замир Сағынов.

Сағынов сондай-ақ, алдағы шілде айында «Шымкент - Жамбыл облысының шекарасы» автожолының 80 шақырымды құрайтын учаскесінде құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отырғанын айтып өтті. Қазіргі күні мердігерлермен шарт жасасу үдерісі жүргізілуде. Мұның сыртында ұзындығы 304 шақырым құрайтын және құрылысы жақын уақытқа жоспарланған «Алматы - Қорғас» учаскесі бойынша тендерлік ұсыныстарды бағалау жұмыстары да жүргізілуде. Бұл конкурсқа 47 компания қатысқан болатын.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жобасын жүзеге асыруға 35 000 жол маманы, оның 579-ы шетелдік маман, 5 000 техника, 30 асфальт-бетон, 24 цемент-бетон зауыты жұмылдырылған.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің қазақстандық учаскесі 2 787 километрді құрайды, оның 2 452 километрін қайта салу қажет. Жобаны жүзеге асыруға бюджет қаражатынан бөлек 5 халықаралық қаржы институттарынан қаражат бөлінді. Магистраль бойындағы құрылыс жұмыстарын 17 бас мердігер және 45 отандық қосалқы мердігерлік ұйым жүзеге асыруда.

Соңғы жаңалықтар
Референдум