Жыл басынан бері экспортталатын және импортталатын тауар бағалары біршама өзгерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы қаңтар-ақпанда экспортталатын тауарлардың бағасы 7,1 пайызға төмендеп, импортталатын тауарлар 5,4 пайызға қымбаттады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Жыл басынан бері экспортталатын және импортталатын тауар бағалары біршама өзгерді

Атап айтқанда, жыл басынан бергі кезеңде экспортталатын мұнай бағасы - 14,9 пайыз, газ конденсаты - 10,4 пайыз, марганец кендері - 5,6 пайыз төмендеген. Ал алюминий - 17,9 пайыз, қорғасын - 15,8 пайыз, көмір - 8,6 пайыз, табиғи газ - 5,6 пайыз, ферроқорытпалар - 5,1 пайыз, мырыш 4,9 пайызға жоғарылап отыр. Сонымен қатар, мақта - 31,5 пайыз, астық - 17,9 пайыз, жүн 3,3 пайыз қымбаттады.

«Импорттық өнімдерден шай - 24,6 пайыз, қағаз - 24 пайыз, жемістер мен жаңғақтар - 19,7 пайыз, көкөністер - 14 пайыз қымбаттады. Ал аяқкиім бағасы - 13,6 пайызға, кофе - 12,3 пайыз, тоқыма бұйымдар - 10,9 пайыз, қант - 7,9 пайыз, балық 6,9 пайызға өсті», - делінген баспасөз баянында.