Жыл басынан бері елімізде 141 адам суға батып кетті - ТЖМ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері елімізде 141 адам суға батып кетті, оның 39-ы – бала. Бұл деректер өткен жылғы көрсеткіштерден төмен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетіне сілтеме жасап.
«Шомылу маусымының жартысы ғана өткенін ескеру қажет. Ыстық күндер әлі алда. Шомылу маусымының соңына дейін тағы қанша адамның өмірі үзілетінін елестету қиын», - делінген комитет мәлімдемесінде.
Осыған байланысты, құтқарушылар қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтау қажеттігін еске салады. Олардың негізгілері:
- тек рұқсат етілген (жабдықталған) жерлерде шомылу;
- суға шомылуға тыйым салынған жерлерге кіруге қатаң тыйым салынады;
- су маңындағы демалыста алкогольді, есірткі заттарын пайдаланбау;
- қалқымалардан асып жүзбеу;
- жартастардан, шатқалдардан және осы мақсаттарға арналмаған басқа жерлерден суға секірмеу;
- су көліктеріне жақын жүзуге болмайды;
- дабыл туралы жалған дыбыстар шығармау;
- және ең бастысы, балаларды қараусыз қалдырмау.
«Барлық азаматтарды өз өмірлері мен жақындарының өміріне барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Аталған ережелерді қатаң сақтаңыз. Сонда ғана біз ондаған, жүздеген адамдардың өмірін сақтай аламыз, олардың әрқайсысын үйлерінде жақындары күтеді», - деп жазады комитеттегілер.