Жыл басынан бері елімізде жер қатынастарына байланысты 145 қылмыстық іс қозғалды ? қаржы полициясы
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жыл басынан бері елімізде жер қатынастарына байланыста 145 қылмыстық іс қозғалды.
Оның 47-сі сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен байланысты болып отыр. Осыған орай 43 іс сотқа жолданып, осы істер негізінде екі адам бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы бүгін апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, жер қатынастарына қатысты мәселе еліміздің Қауіпсіздік кеңесінің отырысында талқыланып, құқық қорғау органдарының, соның ішінде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде белгіленген. «Агенттік осы бағытта кешенді жұмыстар атқарып келеді. Жер қатынастарына қатысты қылмыстар әдетте сыбайлас жемқорлық сипатына ие. Өйткені ол көп жағдайда лауазымды тұлғалардың қатысуымен жасалады», - дейді ресми өкіл. Оның мәліметтеріне қарағанда, 2008 жылы қаржы полициясы органдары жер қатынастары саласында 312 қылмыстық іс қозғаған. Оның 136-сы сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен байланысты болып отыр. Қазіргі күні 164 іс сотқа жолданып, осы істер негізінде 69 адам сотталған. «Сондай-ақ мемлекеттің иелігіне 88 гектар жер қайтарылып, азаматтар мен мемлекетке келтірілген 64 миллиард теңге шығын толығымен өндірілді», - деді М.Жұманбай.