Жыл басынан бері елорда аумағында есірткі сатылатын 46 нүкте мен 3 притон жойылды - ІІД

АСТАНА. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 2009 жылы тәртіп сақшылары елорда аумағында есірткі сатылатын 46 нүкте мен 3 притонды анықтап, заңсыз айналымнан 115 келі есірткі тәркілеген.
None
None

 Бұл туралы бүгін Астана қалалық ІІД-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Аясын Байділдаев Қоғамдық кеңестің отырысы барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жедел алдын алу шаралары барысында Астана қаласында 2 есірткі арнасы жойылды.  Басқарма қызметкерлері ағымдағы жылдың 11 айында есірткіге байланысты 252 қылмыстық іс қозғаған. Соның - 68-і есірткі саудасы.

Қалада есірткі бизнесіне байланысты 1 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталған.   

 «Тамыз айында Астанада Кантеміров құрған ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. Ол өзінің қылмыстық тобының қатарына жақын туыстарын, яғни екі бауырын және күйеу баласын алған. Олар өз кезегінде Кантеміровтің басшылығымен заңсыз есірткі саудасымен айналысып отырған. Сонымен қатар Астана қаласы мен Ақмола облысының аумағында орналасқан түрмелерге есірткі жеткізумен айналысып келген», деді басқарма бастығы. Оның айтуынша, оларға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды, соның ішінде 4 іс есірткі сату фактісі бойынша. Қазір топтың басшысына қылмыстық топ құрғаны үшін қылмыстық іс қозғалды.  

Ал елорданың ойын-сауық орындарында 59 рейд жүргізілді. Мысалы, «Лайн» түнгі клубының иесі жауапқа тартылып, оған 50 айлық есептік көрсеткіш бойынша айып салынды, клубтың жұмысы 14 күнге тоқтатылды.

Қоғамдық кеңес отырысы осымен төртінші рет өтіп отыр. Оған қаланың заңгерлері, редакторлар клубының мүшелері, «Нұр Отан» ХДП-нің қалалық филиалдарының өкілдері кірген. Кеңес жиындарында ІІД-нің жұмысы мен полицейлердің әр саладағы қызметі талқыланады. Астана қ. ІІД-нің бастығы Марат Битеновтің төрағалығымен өткен қоғамдық кеңестің отырысы барысында нашақорлықтың алдын алу мәселелері сөз болды.

Соңғы жаңалықтар