Жыл басынан бері елордада сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудыратын құқық бұзушылықтар саны көбейген
АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 4 айында елордада сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудыратын құқық бұзушылықтар саны көбейген.
Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасынан хабарлады.
Аталған кезеңде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін прокурорлық қадағалау актілері бойынша 34 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, прокурорлық ықпал ету шараларымен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 3 іс қозғалды. Олардың ішінде мемлекеттік сатып алу саласында - 16, әкімшілік заңнаманы қолдану саласында - 8, азаматтардың өтініштерін қарау тәртібін үздіксіз бұзғаны үшін - 4, лицензиялау саласында - 3 және білім беру саласында 3 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол берген мекемелердің арасында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласын бақылау жөніндегі комитеті, Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті, Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы, Астана қалалық көліктік бақылау инспекциясы, Астана қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы, елорданың бала-бақшалары, лицейлері мен медициналық мекемелер бар», - делінген баспасөз хабарламасында.