Жыл басынан бері елордада жүргізушілердің кінәсінен 93 жол апаты болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылдың басынан бері елорда жолдарында 121 адам жарақат алды. Бұл туралы елордалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Елжан Чупеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері елордада жүргізушілердің кінәсінен 93 жол апаты болды

«2022 жылдың 3 айында қала жолдарында 113 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Осы оқиғалардың салдарынан 121 адам жарақат алып, екі адам қаза тапты», - деді Е. Чупеков баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларына жасалған талдау барысында оқиғалардың көбіне жүргізушілердің кінәлі екені анықталды. Жүргізушілердің кінәсінен 93 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 101 адам зардап шекті.

«Есепті кезеңде көлікке мас күйінде отырған жүргізушілердің кінәсінен 4 жол-көлік оқиғасы болды», - деді басқарма басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, кәмелетке толмағандарға қатысты 14 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 14 бала дене жарақатын алды.