Жыл басынан бері халықаралық резерв 3,2 пайызға артып, 94,3 млрд АҚШ долларына жетті - Ұлттық банк
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері халықаралық резерв 3,2 пайызға артып, 94,3 млрд АҚШ долларына жетті. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында 2015 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін талқылау барысында баяндама жасаған ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов осылай мәлім етті.
Оның айтуынша, Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері жыл басынан бері мамырдың соңына дейін 1 млрд долларға өсіп, 28,8 млрд долларды құрады. Мамырдың соңында Ұлттық қор активтері жыл басынан бері 65,5 млрд АҚШ долларына дейін өсті.
«Ұлттық қор көлемінің өсуі жалпы портфельдегі қаржы құралдарының оң инвестициялық кірістілігіне байланысты болып табылады. Сонымен қатар, валютадағы түсімдер де оң нәтиже көрсетуде. Осының нәтижесінде еліміздің халықарлық резервтері жыл басынан бері 2,9 млрд немесе 3,2 пайызға арта отырып, 94,3 млрд АҚШ долларына жетті», - деді А. Ахметов.