22:28, 11 Шілде 2016 | GMT +5
Жыл басынан бері Қазақстанда сатылған үйлер 13,1 пайызға артты
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылғы қаңтар-маусымдағы тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 87 867 құрады. Көрсеткіш өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 13,1 пайызға артық. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.
«2016 жылғы маусымда тұрғын үйді сатып алу-сатудың тіркелген мәмілелерінің саны 17 150 құрады. Бұл өткен аймен салыстырғанда 10,4 пайызға жоғары. Сонымен қатар, 2016 жылғы қаңтар-маусымда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 87 867 құрап, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 13,1 пайызға артты», - делінген баспасөз баянында.
Жалпы алғанда, тұрғын үйлерді сатып алу-сату мәмілелерінің саны ең көп Алматы қаласында тіркелді бұл көрсеткіш қалада маусым айында 2 425-ті құрады. Бұдан кейінгі орында Астана қаласы 2 208 және Қарағанды облысы 1754 мәміле болып отыр. Есепті кезеңде тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелерінің саны ең аз тіркелген Атарау облысы, онда өткен бір ай ішінде үй сатуға қатысты 358 мәміле ғана жасалды.