Жыл басынан берi Қазақстанда тұрғын үй бағалары жоғарылады - Статистика комитеті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан берi Қазақстанда тұрғын үй бағалары жоғарылады. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлiгiнiң Статистика комитетiнiң төрағасы Әлихан Смайылов мәлiм еттi.

Жыл басынан берi Қазақстанда тұрғын үй бағалары жоғарылады - Статистика комитеті

"Жаңа тұрғын үйлердi пайдалануға беру көрсеткiшi 20 пайызға өсiп отыр. Пайдалануға берiлген үйдiң жалпы көлемi 2 млн. 702 шаршы метрдi құрады. Оның 1,9 миллионы - жеке тұрғын үйлер, 800 мың шаршы метрi - көппәтерлi үйлер. Жыл басынан берi теңге бойынша тұрғын үй бағалары 1,8 пайызға өстi, наурыз айында жалпы ел бойынша орташа есеппен шаршы метрiне 225 мың теңгенi құрады. Дегенмен доллармен есептегенде, пәтер бағасы бiршама түскен. Теңгемен шаққанда, тұрғын үй бағалары Атырауда көбірек жоғарылаған. Соңғы үш айда онда тұрғын үй бағасы 10 пайызға көтерілді. Ел бойынша ең қымбат үйлер Астанада - шаршы метрiне 303 мың теңге, Алматыда - 287 мың теңге, Атырауда - 271 мың теңге. Ал ең төменi Жезқазған, Тараз және Талдықорғанда тiркелдi - шаршы метрiне 90 мың теңге", - дедi ол.

Оның сөзiне қарағанда, қаңтар-наурызда қозғалмайтын мүлiк нарығы жандана түскен. Осы аралықта 35 209 сату және сатып алу келiсiмшарты жасалған және былтырғы жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға өскен. Келiсiмшарттардың ең көбi Астана және Алматыда жасалады.