Жыл басынан бері Қазақстандағы баспана құны 1,7% төмендеген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Қазақстандағы баспана құны 1,7% төмендеді, деп хабарлады ҚР Ұлттық экономика министрлігі.
«2016 жылдың тамыз айында өткен аймен салыстырғанда жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 0,2%-ға төмендеп, шаршы метрі 252 198 теңгені құрады, 2015 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда - 1,7% кеміген», - делінген хабарламада.
Сонымен бірге, 2016 жылдың қаңтар-шілде айларындағы көпқабатты үй құрылысының нақты шығыны 1 шаршы метріне 122 500 теңге болған.
«2016 жылы 7 ай ішінде республика бойынша жалпы аумағы 5,7 миллион шаршы метрден асатын 48 986 пәтер пайдалануға берілді. Оның 245,9 мың шаршы метрі - жалдамалы, 190,3 мың шаршы метрі - несиелік тұрғын үй. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2 942 947 адам баспанамен қамтамасыз етілді. 2015 жылдың 7 ай мерзімімен салыстырғанда, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 17,5% ұлғайған»,- делінген хабарламада.
Тұрғын үй құрылысы бойынша Астана көш бастап тұр, онда 1,3 миллион шаршы метр аумақ немесе 12 мың пәтер қолдануға берілген. Екінші орында Алматы - 7886 пәтер берілген. Ең аз көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі - 44,6 мың шаршы метр немесе 337 пәтер салынған.
Тамыз айында абаттандырылған және абаттандырылмаған тұрғын үйлерді алып сату бағалары шілде айымен салыстырғанда өзгермеген, абаттандырылған үйдің шаршы метрі 191 370 теңге, абаттандырылмаған үй - 115 438 теңге.
Тамыз айындағы абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу құны шілде айымен салыстырғанда 0,4% көтеріліп, шаршы метрі 1277 теңге болған.