Жыл басынан бері мемлекет меншігіне 891 мың гектар игерілмеген жер қайтарылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері мемлекет меншігіне 891 мың гектар игерілмеген жер қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

«Биылғы жылдың басынан бастап АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің республика бойынша аумақтық бөлімшелері жер пайдаланушыларға қатысты 486 мың га алаңда жоспардан тыс 381 тексеруді тіркеді, нәтижесінде 304,7 мың га алаңда 152 нұсқама енгізілді.

Сонымен қатар, биыл 891,7 мың га бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды. Бұдан басқа, әкімдіктерге қатысты 65 тексеру жүргізіліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру туралы 117 заңсыз шешім анықталды. Жергілікті атқарушы органдардың атына жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 54 ұйғарым берілді», - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Ондағы мәліметтерге қарағанда, бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Екі жыл ішінде қайтарылуға жататын 10 млн гектардың ішінде мемлекет меншігіне барлығы 6,3 млн гектар жер берілді. Бұл ретте, мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері халықты жайылымдармен оңтайлы қамтамасыз ету мақсатында бастапқы кезде аудандардың резервіне қойылатынын атап өтеміз. Яғни, жоғарыда аталған жер учаскелері сол маңдағы ауыл тұрғындары пайдаланылатын ортақ жерлермен қамтамасыз еткеннен кейін ғана конкурстарға шығарылатын болады.


Соңғы жаңалықтар