14:08, 15 Сәуір 2022 | GMT +5
Жыл басынан бері Өзбекстанға 3 мың IT-маман келген
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Осы жылдың басынан бері Өзбекстанға 3 мың IT-маман келді. Бұл туралы ел президенті Шавкат Мирзиёев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Өзбекстан басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өзбекстанға биыл келген шетелдік IT-мамандардың басым бөлігі республикада ұзақ уақыт қалып, жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Шетелдікдерді IT-парктерге тарта отырып, екі айдың ішінде 1000 жас маманның біліктілігін арттыру қажет. Әлемдік IT-нарыққа шығатын ірі 30 компания құру керек», - деді Ш.Мирзиёев.
Президент сондай-ақ 2022 жылы IT-қызметтер экспортын өткен жылғы $46 млн-нан $100 млн-ға дейін жеткізуді, елдің алты өңірінде IT-парктерді толыққанды іске қосуды тапсырды. Бұл 5 мыңға жуық жоғары ақы төленетін жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Ол бүгінде экономиканы цифрландыру үшін тағы 12 мың жоғары білікті маман қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Ташкент ақпараттық технологиялар университетін ғылыми-білім беру кластеріне айналдыруды, IT-парктің заманауи университетін құруды ұсынды.
Еске салайық, 1 сәуірден бастап Өзбекстан ақпараттық технологиялық саласында шетелдік мамандар үшін үш жылдық IT виза енгізді.