Жыл басынан бері прокурорлардың ықпалымен 6 мың жұмысшының 350 миллион теңге заңды айлық жалақылары берілді
АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жыл басынан бері прокурорлардың ықпалымен 6 мың жұмысшының 350 миллион теңге заңды айлық жалақылары алынып берілген.
Бұл мәліметтерді бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков журналистермен болған апталық брифингте келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның деректеріне қарағанда, қазіргі таңда жұмысшылардың тағы 100 миллион теңге жалақыларын беру жөніндегі прокурорлық қадағалау актілері орындалу үстінде. «Бұл мәселеге нақты тоқталатын болсақ, Ақмола облысындағы «Көкшетау жылу» кәсіпорнының өкілдері тек прокурорлардың ықпал етуімен ғана 30 миллион теңге жалақыны заңды иелеріне берді. Ал Қызылордада «Құмкөл-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі прокурордың талап арызы негізінде 28 миллион теңге айлық жалақыны төлеуге мәжбүр болды. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданының прокуратурасы «Черкасское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 600 жұмысшының 29 миллион теңгесін төлеп беруге мәжбүрледі, деді ресми өкіл.