Жыл басынан бері шетелдік отбасылар Қазақстаннан он бала асырап алған

Ал, былтыр Қазақстаннан 35 бала шет ел асқан екен. Яғни, екі жылда 45 бүлдіршін өзге елдің азаматы атанып кеткен.
«Тәуелсіздік алғаннан бері шетелдіктер елімізден 9 мыңдай баланы асырап алды. 2011 жылға дейiн балалардың көпшiлiгiн, яғни 6 мыңнан астам баланы АҚШ азаматтары асырап алды. Сондай-ақ, Еуропа елдерi, атап айтқанда Ирландия, Франция, Ұлыбритания, Германия азаматтары қазастаннан көп баланы панасына алды», - дедi Е.Ыдырысов сұраққа жауап бере отырып.
Сыртқы істер министрі хабарлағандай, Қазақстан қазір бала асыраумен айналысатын агенттіктерді тіркеп, тексеріп жатыр.
«2011 жылы бiздiң консулдар мен дипломаттар Қазақстаннан кеткен балалар туралы ақпаратқа қол жеткiзе алмады, сондықтан, АҚШ азаматтары үшін қазақ балаларын асырап алуға тыйым салдық. Қазiргi уақытта бiздiң балалардың тағдыры, олардың өмiр сүру жағдайы туралы толыққанды ақпарат алу үшiн жұмыс iстеп жатырмыз. Сондай-ақ, бүгінде бала асырап берумен шұғылданатын шетелдiк агенттiктердi тiркеп жатырмыз. Бұл процесс - ашық. Осы жұмыстың басты мақсаты делдалдардың қызметiн шектеу болды. Жалпы, балаларды асырап алу жұмысы бiрнеше қағидаға негiзделедi. Бiрiншi кезекте, балалардың мүддесi ескерiлуi керек. Екiншiден, ата-аналардың мүддесi сақталады. Шетелге бала бермес бұрын, біз бүлдіршін асырап алғысы келетін қазақ отбасыларын іздейміз. Тек осыдан кейiн ғана, яғни барлық мүмкiндiктер қаралғаннан кейiн шетелдiктердi қарастырамыз. Бұл - қоғамдық резонанс тудырған мәселе...»,-деді Е.Ыдырысов.