Жыл басынан бері Əскери сот 264 əскери қызметшіні қылмыстық жазаға тартқан
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының қылмыстық істер жөніндегі Əскери соты 264 əскери қызметшіні жазаға кескен. Бұл туралы Əскери соттың баспасөз қызметінен хабарлады.
2015 жылдың тоғыз айында ел бойынша гарнизондар мен қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық əскери соттар 235 істі қараған. Соның ішінде 199 қылмыстық іс бойынша соттау туралы үкім шығарылған. Осы уақыт ішінде 264 адам сотталған. «Қаралған қылмыстық істердің көбі əскери қылмысқа, яғни, əскерлердің арасында жарғы шарттарын бұзу, əскерилердің бір-біріне өктемдік көрсету фактілеріне қатысты болған. Гарнизондардың əскери соттар қылмыстық жəне азаматтық істердің жартысынан көбін көшпелі отырыстарда қарады», - деп хабарлады Əскери соттың баспасөз қызметінен. Сондай-ақ 2 іс бойынша апелляция қабылданып, үкім өзгертілген. Тоғыз адам тартылған 8 іс бойынша жаза жеңілдетілген.