Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 54 лауазымды тұлғаны қамауға алған

НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жыл басынан бері 54 лауазымды тұлғаны қамауға алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 54 лауазымды тұлғаны қамауға алған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров Antikor орталығында өткен брифингіде осындай мәлімет айтты.

«Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 581 сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. 57 лауазымды тұлға ұсталып, 54 адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - деді агенттік өкілі.

Агенттіктің мәліметі бойынша, жылдың алғашқы 2 айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік органдарға қылмыстық құқық бұзушылық және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша 155 ұсыныс енгізген.

Сол ұсыныстарды қарау нәтижесінде 87 адам тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылса, бақылаудың жоқтығы және заңдылықтың бұзылуына жол бергені үшін әртүрлі деңгейдегі 30 басшы сөгіс, 10 басшы қатаң сөгіс, 7 басшы қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту алған. Дәл осындай олқылық жібергені үшін 3 жұмыстан босатылып, 2 басшының лауазымы төмендетілген.