Жыл басынан бері теміржолдарда 72 қазақстандық ажал құшқан

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері 22 мыңнан астам адам теміржол бойындағы белгіленбеген жерлерден өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлады көліктегі ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Жыл басынан бері теміржолдарда 72 қазақстандық ажал құшқан

Жүргізілген түсіндіру жұмыстарына қарамастан, қазақстандықтар теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздік ережелерін бұзуды тоқтатпай отыр. Теміржол нысандарындағы жарақаттану оқиғалары бұрынғы деңгейде қалып отыр. «2014 жылдың 10 айы ішінде ҚР ІІМ көліктегі Ішкі істер департаментінің қызмет көрсету учаскелерінде 121 жарақаттану фактісі тіркелген, оның 72-сі өлім-жітімге әкелсе, 10 фактісі бойынша балалар зардап шегіп, оның төртеуінде қайғылы оқиғаға әкеп соққан», - деді департамент басшысының орынбасары Талғат Өтетілеуов. 31 қазан күні Ақсеңгір стансасы бойынша Желілік ішкі істер басқармасына кезекшіден «Ақсеңгір-4030 шақырымдағы блок бекеті» аралығының 4035 шақырымында жүк пойызы 37 жастағы Алматы облысының тұрғынын басып кетті деген хабарлама түскен. Алған жарақаттардан ол жан тапсырған. «Қайғылы оқиғалардың негізгі себебі белгіленбеген жерлерде жолдан өту, техникалық қауіпсіздіктің бұзылуы болып отыр. Мұндай жағдайлардан тек өзі мен балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қолға алғандар ғана сақтана алады», - деді полиция полковнигі. Айта кетейік, 2014 жылы полиция қызметкерлері 22 918 адамды белгіленбеген жерлерде теміржолдан өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.