Жыл басынан бері Түркістанға жарты миллионға жуық турист келген

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Түркістанға 470 мыңнан астам турист және 1 миллионға жуық визитер келген. Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай статистика келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері Түркістанға жарты миллионға жуық турист келген

«Өңірде туризмді дамыту бойынша облыста 3 негізгі бағыт айқындалған. Тарихи-танымдық бағытта туристерге 1 770 тарихи-мәдени ескерткіш қызмет көрсетеді. Экологиялық туриз бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан орналасқан. Олар: «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Экологиялық туризмді дамыту үшін 30 туристік маршрут құрылған. Емдік-сауықтыру туризмі бағытында 72 емдік сауықтыру орны жұмыс істейді. Олардың сыйымдылығы 7 940 төсек-орынға жетіп отыр», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, әкім жыл аяғына дейін 2 емдік-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарда бар екенін айтты.

«Жалпы, аталған бағыттар бойынша былтыр облысқа 470 мыңнан астам турист және 1 миллионнан визитер келді. Туризм саласына 69 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы арқылы 19 туристік инвестициялық жоба аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл 35 млрд теңгенің 10 жобасы іске қосылады», - деді Дархан Сатыбалды.