Жыл басынан Қазақстанда тәркіленген контрабандалық тауар құны 5 млрд. теңгеден асып жығылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан Қазақстанда тәркіленген контрабандалық тауар құны 5 млрд. теңгеден асып жығылады. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан экономикалық контрабандаға қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылауға арналған семинарда белгілі болды.
ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті таратқан ақпаратқа қарағанда, ағымдағы жылдың 8 айында Қазақстанда кеден органдары тарабынан экономика желісі бойынша 412 қылмыстық іс қозғалған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 37 қылмыстық іске артық.
«Экономикалық контрабанда» бабымен қозғалған қылмыстық іс бойынша тәркіленген тауарлар мен валютаның құны 5 млрд. 131 млн. теңгені құрады. 279 млн. 726 мың теңгенің тауарлары мен көлік құралдары тәркіленді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар комитет ақпаратына қарағанда, мемлекетке келтірілген залалдың 3 млрд. 756 млн. теңгесі өтелген.
Айта кетейік, екі күндік семинар Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының және Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен өтуде. Оған Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Украина елдерінің кеден және басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысуда.