Жыл басынан құрылыс саласында ЖІӨ 6 пайызға өсімі байқалды - ҰЭМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдын ала мәліметтер бойынша 2016 жылдың алғашқы тоқсанында азаматтық және өнеркәсіптік құрылыс саласында жалпы ішкі өнімнің өсімі 6 пайызға байқалды.

Жыл басынан құрылыс саласында ЖІӨ 6 пайызға өсімі байқалды - ҰЭМ

Бұл туралы Мәжілісте «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру шеңберінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысының барысы мен тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту шаралары» атты дөңгелек үстелде Ұлттық экономика вице-министрі Роман Скляр мәлімдеген болатын.

«Жаһандық дағдарыс салдарынан болатын күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, сонымен қатар, еліміздегі экономиканың көптеген салаларында көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан - құрылыс саласы қарқынын бәсеңдеткен емес, беріліп жатқан баспаналар көлемі жоғары. Алдын ала мәліметтер бойынша, азаматтық және өнеркәсіптік құрылыс саласын ынталандырудың арқасында 2016 жылдың бірінші тоқсанында құрылыс саласындағы жалпы ішкі өнімнің үлесі 6 пайызға өсіп отырғаны байқалады», - деді  Р. Скляр.

Вице-министрдің айтуынша, 2015 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 8,9 млн. шаршы метр баспана пайдалануға берілген, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 119% артық. Оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар тарапынан салынған баспана 1,45 млн шаршы метрді құрады, бұл республика бойынша пайдалануға берілген баспаналардың 16,3% тең. Ал жеке меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар, сонымен қатар, халықтың өз тарапынан салынған баспаналар көлемі 7,4 млн шаршы метрді құрап отыр. Бұл республика бойынша жалпы пайдалануға берілген баспаналардың 83,7 пайызына тең.