Жыл басынан қызылордалық 10 кәсіпкер «БЖК - 2020» бойынша қолдау тапты
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Жыл басынан Қызылорда облысында 10 кәсіпкердің жобасы «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында кешенді қолдау тапты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Металлургия өнеркәсібі, киім және тамақ өнімдерін өндіру салаларында қызмет көрсететін кәсіпорындар екінші деңгейлі банктерден несие алып,оның пайыздық үстемесін 7-ден 10 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік алды.
Кәсіпкерлердің 70%-ы кепілзат жетіспеушілігінен туындаған мәселесін жартылай кепілдендіру құралының көмегімен шешіп отыр. Екінші деңгейлі банктерден қаражат тартуға қажетті кепілдемені кәсіпкерлерге «Даму» қоры ұсынды.
Жеке кәсіпкер Жандос Жәркеев «Даму» қорының субсидия және жартылай кепілдендіру секілді қаржы құралдарының көмегімен өз бизнесін дамытуға қол жеткізді. Көп жылдан бері типографиялық және полиграфиялық өнім өндіру саласында бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің басты мақсаты, жалға алынған ғимаратта орналасқан цехын кеңейту болған. Мемлекет қолдауы нәтижесінде «ForteBank» АҚ-нан рәсімдеген несиеге жеке кәсіпкер Жандос Жәркеев арнайы жабдықталған ғимарат алып,өз бизнесін ұлғайтуға мүмкіндік алды.
Қармақшы ауданының кәсіпкері Бахыткүл Бексеитова «Даму» қорының 50% кепілдемесімен «Сбербанк» АҚ ЕБ-ден 20 млн. теңге көлемінде несие рәсімдеп, айналым қаражатын толықтырды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкердің несиесі мемлекет тарапынан субсидияланып отыр. Нәтижесінде несиенің пайыздық үстемесі 5 %-ға дейін төмендетілді. Бахыткүл Бексеитованың айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқасында ол кәсібін дамытып, кеңейтуге шексіз мүмкіндік алып отыр.