Жыл басынан лаңкестік туралы жалған хабар берген 7 адам сотталды - Жоғарғы Сот

Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бері дәл осы баппен 7 адам сотталды. Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы Сотының ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылауға арналған брифинг барысында ресми өкіл Оксана Петерс мәлім етті.
«Террористік акті туралы көрінеу жалған хабар беру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Бұл бойынша санкция беру тәртібі қатайтылып, ондай қылмыс үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу немесе 7 жыл мерзімге дейін бас бостандығын шектеу немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал бұндай қылмысты жасаған тұлға 14 жасқа толған болса ғана жауапкершілікке тартылады. Дегенмен, террористік акті туралы жалған ақпарат беріп, жасы жетпегені үшін қылмыстық жауапкершіліктен құтылғанымен, балалардың бұл қылығы үшін оның ата-анасы немесе заңды өкілі материалдық жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды», - дейді О. Петерс.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында республика соттары жалған лаңкестік ақпар берген 7 адамды соттап, «жалған қоңыраудан» мемлекетке келген 894 мың 116 теңге көлемінде шығын өндірілген.