Жыл басынан медициналық сақтандыру қоры медицина ұйымдарына 497,5 млрд теңге төледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ жыл басынан бері Қазақстандағы медицина ұйымдарына 497,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлді. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Басқарма басшысының айтуынша, аталған қаржы кепілдендірілген көмек шеңберінде халыққа тегін қызмет көрсеткен емдеу мекемелеріне 6 қыркүйекке дейін аударылған.

«Бұл - кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 65 пайызы», - деді Ботагөз Жақселекова.

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы болып саналатын Қор емдеу мекемелері халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен. Бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 768,4 млрд теңге.

«Жұмыс кестеге сай медициналық қызмет сапасын бақылаудың жаңа талаптарына сәйкес жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Б.Жақселекова.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі таңда Қор мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетуге ниет білдірген 1365 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 623-і - жекеменшік клиникалар. Биыл жеке клиникалар саны 2017 жылмен салыстырғанда 158-ге көбейген. Ал, олармен бекітілген келісімшарт сомасы өткен жылғыдан 2 есе артып, 110,6 млрд теңгені құрады.

Соңғы жаңалықтар