18:30, 10 Сәуір 2012 | GMT +5
Жыл басынан Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының жеке блогына 96 хат келіп түсті
АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының жеке блогына тұрғындардан 96 хат келіп түскен.

Бұл мәліметтерді бүгін «Қазақстан Республикасының
Жер ресурстарын басқару агенттігіндегі жемқорлықпен күрес» атты тақырыпта өткен семинар-кеңес барысында аталмыш агенттіктің жауапты хатшысы Гүлжаһан Бимендина келтірді.
Оның мәліметтерінше, агенттік төрағасының блогына келіп түскен хаттардың 45 пайызы жергілікті атқарушы органдардың қызметтеріне наразылық түрінде түскен. Олардың басым бөлігі өтініштерді қарау мерзімін кешіктіру мен жер телімдерін беруге негізсіз қарсылық таныту, жер телімін алудағы кезектің сақталмауы, сапасыз қызмет көрсету сияқты мәселелерді қамтиды.
«Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жіберілген кемшіліктермен қатар бұқара халықтың сынына жер ресурстарын басқару агенттігінің өзі де ұшырап отыр»,-дейді Г.Бимендина.