Жыл басынынан бері төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері 400 адам мен 175 техниканы құтқарды
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жыл басында еліміздің төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері суық күнде қалың қарда қалған 400 адам мен 175 техниканы құтқарды.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі басқармасының аға инженері Любовь Шапошникова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан бері республика жолдарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірнеше мәрте көлік қозғалысы тоқтатылған. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы облыстары мен Астана қаласының аймағындағы жолдар жабылып, азаматтар мен көліктерді құтқару шаралары да бірнеше рет жүзеге асырылған. «Қаңтардың 14-і күні Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің өкілдері «Өскемен-Қалбатау-Аягөз» бағытындағы жолда қар құрсауынан жолаушылары бар 60 көлікті алып шықты. Олардың арасында 3 жолаушылар автобусы бар. Ал қаңтардың 18-і күні Алматы облысының Райымбек ауданында «Алматы-Кеген-Нарынқол» бағытындағы жолдағы қарда 19 адам мен 7 техника қалды. Апатты -құтқару шараларының барысында олардың барлығы аман қалды», деді басқарма инженері.
Сондай-ақ оның мәліметтеріне қарағанда, қаңтардың 19-ы күні Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Сәтбаев-Қарағанды» бағытында бара жатқан жолаушылар автобусының дизель отынының қатып қалуына байланысты «Қызылорда - Павлодар» тас жолының бойында тұрып қалғандығы жөнінде хабар келіп түскен. Көлікте 40 жолаушы болған. Құтқару шараларының барысында 20 жолаушы өзге автобусқа отырғызылып, басқалары жақын маңайдағы ауылға жеткізілген. Сөйтіп жолаушылардың барлығы дін аман қалды.