ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: «Мәңгілік ел» қойылымы, айтыс ЮНЕСКО тізімінде, «Орда»-ның «Turkvizyon»-дегі олжасы (ФОТО, ВИДЕО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кез келген дүниеге өте сезімталдықпен қарайтын француз елінің мемлекет қайраткері әрі жазушысы Эдуар Эррио «жапон педагогтарының бірі айтқандай, өзге дүниелердің бәрі ұмытылса да ұмыт қалмайтын бір құбылыс - ол мәдениет» деген екен. 2015 жылды Қазақстан ұмытылмайтын қандай мәдени жаңалықтармен қорытындылап отыр? «ҚазАқпарат» агенттігінің келесі шолуы осы салаға арналады.
None
None

Жалпы, егер де мәдениеттің екі мақсаты бар дейтін болсақ, оның біріншісі - жойылмау, жұтынамау. Екіншісі, өз ұлтының ерекшелігін сақтай отырып, қаншама елге ортақ - әлемдік мәдени ортаға әдемі сіңе білу, сосын, өзін уақыт өткен сайын тамсандыра түсу. Қазақ өнері бұл екі биік мақсаттың межесін әлдеқашан асқан, әйтпегенде, өнердің шекарасы енді ашыла бастаған ХХ ғасырдың басында-ақ Париж Әміре Қашаубаевты оңайлықпен мойындай қоймас еді. Бірақ, қазақ өнерінің жауһар жылдары бұдан да әріде жатқаны белгілі, сондықтан, биыл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Қазақ хандығының 550 жылдығы тарихи маңызынан бөлек, еліміздің мәдени жағдайын тағы да бір рет әлемге танытқан оқиға болды. Уақыт тауып, Астанадағы «Барыс» мұз айдынында өткен «Мәңгілік ел» театрландырылған қойылымын тағы бір рет тамашаласаңыз, бұған көзіңіз жетеді.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Презиенті Алмазбек Атамбаев. Түркия Республикасы Парламентінің төрағасы Измет Ильмаз тамашалаған бұл қойылым қазақтың тарихын әнмен әуелеп, бимен көркемдеп, бір жарым сағат ішінде көзге жас ұялатты, бүгінгі болашақ үшін өмірін қиған батырларға деген құрметті арттыра түсті. Айта кетейік, «Мәңгілік ел» қойылымының сценарийі Елбасы Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабының желісімен жазылған. «Мәңгілік ел» қойылымына орай «Euronews» арнасы «No Comment» айдарымен арнайы шығарылым (https://ru.euronews.com/nocomment/2015/09/12/kazakhstan-550th-anniversary-of-kazakh-khanate/) дайындаған.

Қазақ хандығының тарихы туралы айта келе «Евроньюс» арнасы бұл қойылымға «біздің көрермендер - саналы аудитория екеніне сенеміз, сондықтан, көрермендердің шынайы бағасын алуы үшін, кейбір фактілерге өз көзқарасымызды қоспай, ұсынамыз. «No Comment» айдарын ашуымыздағы мақсатымыз да сол - бұл айдарға қосқан ақпараттарымызды артық сөзбен түсіндірудің қажеті жоқ» деп баға берген. Ал, арнаның Фэйсбук әлеуметтік желісіндегі осы ақпаратын 4000 адам бөлісіп, Еуропа тұрғындарының көбі Қазақстанды көруге асыққан. Міне, қазақ өнері асқақтығын биыл осындай датамен, осындай мерекелік шоумен айқындай түсті.

Сондай-ақ, әлем қазақты Абай Құнанбайұлы деген «құбылыс» арқылы да танитыны белгілі. Сондықтан, биыл Қазақстандағы маңызды мәдени оқиғаның бірі - Абай Құнанбайұлының 170 жылдығы болды. Қазақстанның өңір-өңірі Бүкіләлемдік поэзия күні - 21 наурызды Абай поэзиясына арнаса, «Астана Опера» театры жаңа маусымын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен ашты. Премьераны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалаған болатын. Сонымен қатар, режиссер әрі актер Досхан Жолжақсынов «Құнанбай» фильмін түсіріп шықты.

Бәрін айт та, бірін айт, бұл жыл айтыстың абыройын асқақтатқан жыл болды. Желтоқсанның басында Намибияда өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитетінің сессиясы барысында Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп жолдаған «Айтыс - импровизация өнері» атты номинациясы Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне енгізілді. Бұл шараға Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның өкілдері және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елімізге белгілі айтыскерлер Б. Имашев пен А.Тұрсынбаева қатысты. Айтыскерлер сессия отырысында айтыс өнерінің таныстырылымын көрсетті. Еске сала кетсек, Комиссияның былтырғы отырысында елімізден ЮНЕСКО тізіміне «Қазақтың дәстүрлі домбыра күй өнері» және Қырғызстанмен бірлесіп ұсынған «Киіз үйді жасаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары» атты номинациялар енген болатын.

Енді, жалпыдан жалқыға қарай ауысып, биыл қазақ өнері мен мәдениетіндегі жеке адамдардың жаңалықтарына тоқталсақ. Қазан айының соңында Қазақ ССР-ның халық әртісі, қазақ әншісі Роза Рымбаева туған күніне орай және сахнадағы 40 жылғы еңбегін қорытындылап, Республика сарайында «Ертеңіме сенемін» атты жеке концертін беріп, тағы бір рет тыңдармандарының қошетеміне бөленді.

Жуырда, «Познер» бағдарламасына сұхбат берген ТМД елдеріне етене таныс әнші, композитор, музыкант Земфира Владимир Познердің «Неге сіз ешқашан «Евровидение» конкурсына қатыспайсыз?» деген сұрағына «мен спортта жарысуға дайынмын, ал өнер, ән - ол жарыс емес» деп жауап берген еді. Бір қарағанда, ойланарлық цитата, себебі, қазір еларалық, халықаралық ән жарыстары көбейіп кетті әрі ол конкурстарда бағы жанғандар да, сағы сынғандар да бар. Дегенмен, 2015 жылы Қазақстанның әншілері үшін жемісті жыл деп айтуға болады. «Славян базары» ән конкурсында Димаш Құдайбергенов бас жүлдеге ие болса, Әдемі деген әнші қызымыз «Жаңа толқын-2015» ән байқауында екінші орын, сонымен қатар, «көрермендер көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Ал, Түркияның Стамбұл қаласында өткен «Turkvizyon-2015» конкурсының гранд-финалында Қазақстанның атынан шыққан «Орда» тобы 185 ұпай жинап, екінші орынды еншіледі. Айтпақшы, былтыр «Turkvizyon» конкурсының бас жүлдесін жеңіп алған жас әнші Жанар Дұғалова биыл «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді.

Міне, қой жылындағы Қазақстанның мәдениет саласында есте қалған «тойлардың» бірқатары осындай болды.

Соңғы жаңалықтар