Жыл сайын 2 миллионнан аса адам бойында АИТВ-инфекциясы бар-жоғын тексереді

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар АИТВ-инфекциясына тесттен жиі өте бастады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл сайын 2 миллионнан аса адам бойында АИТВ-инфекциясы бар-жоғын тексереді

«Қазақстанда АИТВ-инфекциясына тестпен қамтуда нысаналы мақсат 10% болса, қазір 14 пайызға қол жеткізілді. Тестпен қамту көлемі 2006 жылмен салыстырғанда 2 есеге өсті. Жыл сайын 2 миллионнан аса тест өткізіледі. Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы оң нәтижелердің бірі осындай», - делінеді ақпаратта.

ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталық (ЖИТС РО) мамандарының зерттеулері 2012 жылы АИТВ-инфекциясына 2 миллион 342 мың тест өткізілгенін (салыстыру үшін: 2010 жылы -2 миллион 85мың; 2011 жылы 2 миллион 207 мың) көрсетті. Елімізде тесттен өту көлемінің орташа жылдық өсімі 6% құрайды.

«Жыл сайын халықтың АИТВ-инфекциясы шоғырланған және таралған топтарда тестпен қамту көлемі артып келе жатқанын айту керек» - деді ЖИТС республикалық орталығының бас директоры Марат Төкеев.

«Олар иньекциялық есірткіні тұтынушылар және жыныстық қызметтерді көрсететін әйелдер. АИТВ-ға тесттен өткен иньекциялық есірткіні тұтынушылар саны 2012 жылы 2010 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,5 есеге артты», - деп атап көрсетті ол.

Тесттен нақты сапалы өткізу үшін өңірлердегі ЖИТС орталықтары әлемдік стандарттар деңгейіндегі заманауи құрылғылармен жабдықталған. Қазақстан азаматтары үшін АИТВ-ға тесттен өту өңірлік ЖИТС орталықтарында ерікті және ақысыз негізде жүргізіледі. Заңнамалық актілерге сәйкес жүкті әйелдер, донорлар, сотталған адамдар тесттен міндетті түрде өткізіледі.