Жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл сайын қазақстандық 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Бұл жайында депутаттар сауалына орай ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді

«Университеттерді зерттеу бағытындағы жоғары оқу орны етіп қайта құру алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу орталықтары, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулері, материалдық-техникалық базасы, халықаралық деректер базаларындағы жариялау белсенділігі болған жағдайда жүзеге асырылады. Жалпы зерттеу университеті мәртебесі 6 жоғары оқу орнына берілді («Назарбаев Университеті» ДБҰ, «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КеАҚ, «С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ ( ҚазҰМУ), «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ, «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КеАҚ және «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КеАҚ). Білім және ғылым министрлігі басқа ЖОО зерттеу университеттеріне айналдыру мәселесін пысықтауда», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, зерттеу бағытындағы ЖОО қызметінің нәтижесінде кластерлер жұмыс істейді. Осылайша, ірі шетелдік компаниялармен өзара іс-қимылда «Назарбаев Университеті» базасында 3 инновациялық кластерде коммерцияландыру офистері, бизнес-инкубатор және технопарк орналасқан.

«Самұрық-Қазына» Қоры 4 млн АҚШ доллары көлемінде «Назарбаев Университетіне» қолдау көрсетеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерін, сондай-ақ Виртуалды қабылдау станциясы бар Жерді қашықтан зондтау орталығын құрды.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің базасында «Қазмырыш» ЖШС-мен, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-мен бірлесіп металлургия саласында ғылыми-зерттеу-өндірістік кластері құрылған.

ҚазҰТЗУ базасында аддитивті өндіріс пен инжинирингті дамыту үшін Индустриялық дизайн орталығы құрылды.

«Бұдан басқа, ЖОО-лардың өндіріспен байланысы консорциумдар құру арқылы жүзеге асырылады. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті «КАМАЗ» ЖАҚ-пен ынтымақтастық аясында машина жасау саласындағы инженер кадрларды мақсатты даярлау үшін Инжинирингтік орталық құру жұмысын бастады. Зерттеу ЖОО-ларын қолдау мақсатында ғылыми қызметкерлердің біліктілігін арттыру, халықаралық деңгейдегі ғалымдарды тарта отырып, зерттеулерді қаржыландыру жүзеге асырылады. 2019 жылдан бері Халықаралық ғылыми-техникалық орталық қазақстандық ғалымдардың қатысуымен 16 жобаны іске асырып жатыр (12 қазақстандық және 4 бірлескен жоба). Жыл сайын қазақстандық 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамалармен қамтамасыз етілетін болады», - деді Премьер-Министр.