Жыл сайын 800-ге жуық әртүрлі сипаттағы табиғи өрт шығады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл өрт қаупі кезеңі басталғалы бері елімізде 659 орман және 74 дала өрті тіркелді. Бұл туралы ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті басқарма басшысының орынбасары Тілеуберді Мәдиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Табиғи өрттердің алдын алу және дер кезінде жою – мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің басты міндеті. Елімізде жыл сайын 800-ге жуық әртүрлі сипаттағы табиғи өрт шығады. «Қазгидромет» биылғы жылдың үшінші тоқсанында елімізде ауа температурасының орташа көрсеткіші 30 градус болады деп болжайды. Сонымен қатар, жауын-шашынның аз түсуінен өрт қаупінің басымдығы ескертіледі», - деді Тілеуберді Мәдиев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, бүгін елімізде 11 өрт шығу жағдайы тіркелді. Оның 4-і ШҚО, 4-і Қарағанды және 3-і Абай облысында.
«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өрт қаупі кезеңі басталғалы бері елімізде 659 орман және 74 дала өрті тіркеліп отыр. Одан бөлек, 2 мыңнан астам даланың жануы тіркелді. Ол – 131 мың шаршы гектар. Бізді табиғи өрттердің үй-жайларға көшуі ерекше алаңдатып отыр», - дейді ол.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Қостанай облысында өртенген үйдің орнынан адам денесі табылғаны туралы хабарлаған еді.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысында табиғи өрт ауыздықталғанын мәлімдеді.