Жыл сайын дене шынықтыру дайындығынан президенттік тестілеуді сәтті тапсыратын оқушылар азайып келеді - Үкімет отырысы

АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Дене тәрбиесі пәнін аптасына екі сағатқа дейін қысқарту халықаралық тәжірибеге де сай келмейді.
None
None

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов мәлім етті.

«Бүгінде оқушылардың дене шынықтыру белсенділігін шектейтін проблеманың бірі - ол ҚР Білім және ғылым министрлігімен өткен жылдың аяғында бекітілген типтік білім беру жоспарына сәйкес, мектептерде дене тәрбиесі пәнін аптасына екі сағатқа дейін қысқартумен байланысты. Аталған қысқарту халықаралық тәжірибеге де сай келмейтінін атап өткім келеді»,-деді агенттік басшысы. Халықаралық тәжірибеде оқушының дене тәрбиесі бағытындағы белсенділігіне аптасына 3-6 сағат уақыт бөлінеді екен.

Оның пайымдауынша, сабақ уақытын қысқарту алдағы оқу жылының нәтижесі бойынша өскелең ұрпақтың дене тәрбиесі көрсеткіштерінің төмендеуіне алып келеді. «Бұл өз кезегінде олардың денсаулығының айтарлықтай нашарлауына итермелейді. Жыл сайын дене тәрбиесі дайындығы бойынша президенттік тесттің нормативтерін сәтті тапсыратын оқушылар саны кеміп келе жатқандығы таңғалдырмайды. 2012 жылы президенттік тестке қатысқан 613 мың оқушының ішінен тек 3 пайызы ғана табысты өтті, «жақсы» деген көрсеткішке 10 пайыздан сәл астамы ғана қол жеткізді. Ал қалғандары мүлдем тапсыра алмады»,-деді Е. Қожағапанов.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов дене тәрбиесі сабағын мектептерде аптасына 3 сағат міндетті түрде өткізу мәселесін қарастыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар