Жыл сайын елімізде 700 млн. тонна өнеркәсіп қалдықтары пайда болады

АСТАНА. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑Жыл сайын елімізде 700 млн. тонна өнеркәсіп қалдықтары пайда болады.

Жыл сайын елімізде 700 млн. тонна өнеркәсіп қалдықтары пайда болады

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл сайын елімізде 700 миллион тонна шамасында өнеркәсіптік қалдықтар пайда болса, бұның 250 миллион тоннаға жуығы улы болып табылады. Салыстырмалы түрде алып қарастырсақ, қалдықтар бойынша ең үлкен салмақ Қарағанды облысына тиесілі - 29,4 пайызды құраса,  Шығыс Қазақстан облысында - 25,7, Қостанай облысында - 17,0 және Павлодар  облысында 14,6 пайызды құрайтын өңірлердегі кен байыту кешендері қалдықтарының еншісіне тиеді. Сонымен қатар, қазіргі кезде республикада 96 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдықтар жинақталса, жыл сайын түзілетін көрсеткіш 2 миллион тоннадан асады. Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтар негізінен сұрыпталмастан ашық қоқыстарға апарылып, жинақталады. Қоқыстардың 97 пайызы табиғатты қорғау және санитарлық заңнама талаптарына сәйкес келмейді», деді министр.

Оның айтуынша, ең көп тұрмыстық қатты қалдықтар Павлодар облысында және Алматы қаласында жинақталады екен. Республика бойынша ең аз тұрмыстық қатты қалдық көлемі Жамбыл (50 мың тонна) және Ақмола (65 мың тонна) облыстарында байқалған.