Жыл сайын еліміздегі астықтың төрттен бір бөлігі Ақмола облысында өндіріледі - әкім
Аймақ басшысының айтуынша, облыстың ауыл шаруашылығының өнімін өндірудегі үлесі өңірдің ғана емес, Астананың да қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып, шамамен 10 пайызды құрайды.
«Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 5,2 миллион гектар алқапқа егілді. Бұл - республикадағы ең ірі астық танабы. Жыл сайын еліміздегі астықтың төрттен бір бөлігін өндіреміз, бұл ретте біз астыққа, тұқымға және жемге деген ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етеміз. Жыл сайын алыс және жақын шет елдерге 2,2 миллион тоннадан астам астық экспортталады», - деп атап өтті облыс басшысы.
Өңірде астық өндірісін техникалық жарақтандыруға тиісті көңіл бөлінеді.
Жыл басынан бері облыстың агроқұрылымдары 840 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды: жалпы сомасы 29,8 миллиард теңгеге трактор - 143, комбайн - 69, егін егу кешендері - 34 және өзге де техника – 594.
Егін егу науқанына барлығы 15,1 мың трактор, 16,6 мың астық сепкіш және 1,5 мыңнан астам өнімділігі жоғары егістік кешендері қатысты.