Жыл сайын елордада 10-нан астам мектеп салу керек – Алтай Көлгінов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі Алтай Көлгінов қалада үлкен мектептерді салуға басымдық берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтырдан бері оқушылардың біраз бөлігін қамти алатын ірі мектептердің құрлысына қатысты қанатқақты жобаларға кіріскен едік. Бұған дейін бір ауысымда ең үлкен мектеп 1,2 мың орынды, ал екі ауысымда 2,4 мыңды қамтитын. Енді 2 мың орынға есептелген алты мектеп салдық. Екі ауысымда оқытса, бұлардың әрқайсысы 4 мың орынды қамтамасыз етеді. Осы орайда бұл үлкен мектептерді салу дұрыс екенін көріп отырмыз», - деді А. Көлгінов елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында.

Оның айтуынша, елордада жыл сайын шамамен 15 мектеп салынуы керек.

«Жақында Премьер-Министр бұл бағыттағы бастамаларды қолдады. Осы орайда мүмкіндігінше 2 мың орынға арналған мектептерді саламыз. Себебі алдағы уақытта мектептерге қатысты мәселе өзекті болатыны түсінікті. Жыл сайын 10-15 мектеп салуымыз керек», - деді әкім.

«Қала аумағында мектептердің құрылысын қарқынды жүргізу мәселесі Президенттің бақылауында тұр. Үш бағыт бойынша, яғни мемлекеттік бюджет есебінен мектеп салуды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және жеке инвеситициялар есебінен іске асырамыз. Алдағы уақытта мектеп құрылысының қарқынын күшейтуіміз керек. Бас жоспарда әр шағын ауданда, жаңа құрылыс нысандары салынып жатқан жерлерде салынатын мектептерді бекіттік», - деді А. Көлгінов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл елордада 11 мектептің құрылысы аяқталады.

Қалада үш ауысыммен істейтін 4, ал бала саны шамадан тыс көп 15 мектеп бар.


Соңғы жаңалықтар
telegram