18:07, 26 Қараша 2015 | GMT +5
Жыл сайын Қазақстанда автожолдарды күтіп ұстауға 45 млрд. теңгеден астам қаржы қажет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын Қазақстанда автожолдарды күтіп ұстауға 45 млрд. теңгеден астам қаржы қажет. Бұл қаржы бүгінде бөлініп отырған сомадан төрт есеге артық. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында «ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов мәлім етті.

«Қазіргі кезде автожолдарды күтіп ұстауға жыл сайын 12 млрд. теңгеге тарта қаржы бөлінеді. Дегенмен, сарапшылық есептеулердің мәліметінше, жыл сайын бізге 45 млрд. теңгеден астам қаржы қажет»,-деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, жолдардың жағдайы сапалы болуы үшін оған қажетті қаржыны ақылы автожолдар бойынша жүріп өтуге төленетін ақы есебінен өтеу жоспарланып отыр.
Осы орайда Е. Қизатов Астана мен Бурабай аралығындағы жол учаскесінде жинақталған тәжірибені мысал етті. Осы жүйені негізгі бағыттарға енгізуді жоспарлап отыр, яғни бұл тұрғыда 7 мың шақырымға жуық автожол қамтылмақ.
Айта кетейік, Қазақстандағы автожолдардың жалпы ұзақтығы 128 мың шақырым, оның ішінде 23 600 шақырымы республикалық маңыздағы жолдар.