Жыл сайын Қазақстаннан 30 мың адам көшiп кетедi - Статистика комитетi
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын Қазақстаннан 30 мың адам көшiп кетедi. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлiгiнiң Статистика комитетiнiң төрағасы Әлихан Смайылов мәлiм еттi.
«2014 жылы Қазақстаннан шетелге тұрғылықты тұруға кеткендердiң саны 29 мың адамды құрады. Талдайтын болсақ, соңғы бес жылда бұл үдерiс тұрақты сақталып келедi. Жыл сайын 28-30 мың адам шетелге көшiп кетеді», - дейдi ол.
Дегенмен оның сөзiне қарағанда, Қазақстанға қоныс аударғандардың саны да осы шамада.
«Ал Қазақстанға көшiп келушiлердiң саны да соңғы бес жылда тұрақты деңгейде. Мысалы, соңғы бес жылда Қазақстаннан кеткендердiң саны 142 мың адамды құраса, дәл осы осы кезеңде Қазақстанға келгендер саны - 149 мың адам», - дедi комитет басшысы.
Оның айтуынша, бұның алдындағы бесжылдықта, 2005-2009 жылдары Қазақстанға көшiп келетiндердiң саны едәуiр көп болған. Ол аралықта 300 мыңға жуық адам қоныс аударған.
«Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болуда. Ал ел ішінде көшіп-қонушылар санын қарайтын болсақ, олардың саны 38 пайызға өстi және 80335 адамды құрады. Өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесіне еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар санының 40,4% (43,7%) тиесілі. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы Алматы, Астана қалаларында және Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Павлодар облыстарында қалыптасты», - деп атап өттi Ә. Смайылов.