Жыл сайын Қазақстаннан жүздеген адам ағзаларын алмастыру операциялары үшін шетелге барады - Э. Сұлтанов

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жыл сайын Қазақстаннан жүздеген адам да ағзаларын алмастыру операциялары үшін шетелге барады.

Жыл сайын Қазақстаннан жүздеген адам ағзаларын алмастыру  операциялары үшін шетелге барады - Э. Сұлтанов

Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісовтың төрағалығымен өткен министрлік жанындағы Пациенттердің құқын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында министрліктің Бас штаттан тыс трасплантологы Энвер Сұлтанов мәлім етті.

«Диализма аппаратына таңылатын адамдардың, науқастардың санының артуына байланысты Қазақстанда трансплантология саласын дамытудың маңызы зор. Осы проблеманы өзекті түрде әрі түпкілікті шешпесек, адамдар тура осының салдарынан шетелге ағылуын тоқтатпайды. Ал одан біздің мемлекетіміз жапа шегеді», - деді маман. Оның айтуынша, Қазақстаннан жыл сайын жүздеген адам шетелге ағзаларын алмастыру операциялары үшін барады. Ал ондай операциялардың құны 30 мыңнан 150 мың доллар арасында болып отыр. «Негізінен ағзаны алмастыру үшін қазақстандықтар бұндай шаралар коммерциялық негізбен қалыптасып үлгерген Пәкістан, Қытай секілді мемлекеттерге барып жатыр. Шетелдік клиникадан оралған олардың біразы спецификалық және тропикалық инфекциялардың салдарынан көз жұмады», - деді ол.